Цифрлық әліппе

«Қазақ тілін латын әрпіне көшіру – бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам»

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев

ҚР Білім және ғылым министрлігі Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраев:

Біріншіден,тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Екіншіден,қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді.
Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады.
Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.


Шайсұлтан Шаяxметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығының директоры Ербол Тілешов:

Бұл жерде таңбаны емес, дыбысты санау қажет. Латын нұсқасында біз қазақ тілінің барлық дыбыстарын қамтыдық па? Осыны ойлауымыз ләзім. 42 әріп - ол қолдан жасалған алфавит. Мысалы, ағылшын тілін алайық, оларда 44 дыбысты 26 таңбамен жеткізеді. Біз болсақ, керісінше, 28 дыбысты 42 әріппен беріп отырмыз. Ол дұрыс емес. Ең бастысы, дыбысты жоғалтпау қажет. Ал әріптің санында тұрған ештеңе жоқ.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Тахир Балықбаев:

Латын әліпбиінің қажеттілігіне біздің көзіміз айқын жетіп отыр. Әуелі тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік туады. Қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді мүмкіндік туады. Түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуге жол ашылады.


Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев:

Үйреніп кететін шығармыз. Біздің келешегіміз сол қаріппенен, өзіміздің кәдімгі ата әріп сияқтылатын, әріпін пайдаланып біздің заманымыздың өсуіне үлес қосады деп ойлаймын. Әрине, көшкеніміз дұрыс.


Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов:

Қиналудың ешқандай керегі жоқ. Тіпті кішкентай бала да бір-екі сөз оқып үйреніп алады ғой әліпбиді. Біз соның тең жартысынан көбін тіршілікте былай да білеміз. Жол-жөнекей оның әлі бірең-сараң өзгерістері де қосымша болуы мүмкін. Латын әліпбиіне негізі түбінде көшуіміз керек.


КСРО халық әртісі Сәбит Оразбаев:

Қол қойғаннан кейін бәріміздің қуанышымызда шек жоқ. Бірақ бұл енді жұмыстың енді басталуы. Өзбек ағайындар, әзірбайжандар, түркмендер олар ертерек жасады, бірақ көптеген қиындықтарға кездесті. Енді қазір біздер соның бәрін есептей отырып, тез игеріп кетеміз ғой деген үмітіміз бар.


Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев:

Елбасы өз Жарлығында қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету үшін Үкіметке нақтылы тапсырмалар берді. Енді біздің қоғам 2025 жылға дейін латыншаға кезең-кезеңімен көшудің қамы мен әрекетін жасамақшы. Іске сәт, Қазақ елі! Еліміз де тіліміз де мәңгі жасасын!


Саясаттану ғылымының кандидаты Талғат Қалиев:

Алдыға кез келген экономикалық және саяси мақсаттарды қоюға болады, бірақ қоғамның біртекті психологиялық санасы болмаса, оған қол жеткізу мүмкін емес. Егер біз мақсаты, құндылықтар жиынтығы және моралдық бағыты біртұтас қоғам құра алсақ, онда кез келген экономиканы жасай аламыз.


Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым:

Шын мәнінде бұл жаңа сапаға жеткізетін символикалық таңдау. Сонымен қатар, үлкен түркі әлемімен, жалпы өркениетті батыс әлемімен ықпалдасуға жасалған сәтті қадам, – деді ол. – Әрине, бұл мәселенің қаржылық жағын айтып, аяққа тұсау болғысы келетіндер бар. Бірақ, мынаны ескерейік: Ұлттық болмысты өзгертетін бірде-бір реформа замандардың жақсы кездерінде жасалған жоқ. Еуропада да, Азияда да, Африкада да солай. Түркі мемлекеттері – Түрікменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан латынға көшкенде экономикалық жағдай мұнан да жаман болды.
Егер біз алдымызға үлкен мақсаттар қойсақ, қоғамды жетілдіреміз десек, оған ешқандай шығынсыз жетеміз деуіміз әбестік болар. Ұлт болашағы ешқандай ақшамен өлшенбейді.


Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтбаев:

Бұл шара латын графикасы қолданылатын ғаламдық ақпараттық кеңістікке жедел кірігу үшін аса қажет.