Цифрлық әліппе

«Қазақ тілін латын әрпіне көшіру – бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам»

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев

Әзірбайжан еліндегі реформа

Латын әліпбиіне көшіру тәжірибесі Әзірбайжан елінде жүргізілді. Осы тәжірибе негізінде бүкіл Кеңес елдерінде латын әліпбиіне көшіру жүйесі пайда болды. 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында тұңғыш рет Бүкілкеңестік Түркологияның съезі өтті. Бұл жиынға шешім шығару мақсатында 131 делегат жиылды. Қазақтар, қырғыздар, татарлар мен өзбектер, чуваштар, Солтүстік Кавказ және Саха елінің азаматтары қатысты. Бұл съезде олармен бірге орыстың академиктері мен профессорлары, шетелдік ғалымдар, соның ішінде Түркияның екі ғалымы, неміс, парсы, венгр ғалымдары да болды. Бұл жиында негізгі үш мәселе қаралды. Терминология, орфография және әліпби. Ол кездегі барлық түркітілдес елдерді қызықтырған ортақ бір ғана мәселе – ол әліпбидің тағдыры еді. Себебі әліпбидің тек жазу ретінде ғана емес, мәдени және қоғамдық маңызы бар екенін қатысушылар жақсы түсінді. Түбі бір түркі халқының келешек тағдыры осы қадамға байланысты екенін түсінген жанашырлардың бір бөлігі араб әліпбиін сақтап қалудың жолдарын ұсынды. Бірақ Кеңес үкіметінің көздегені ол емес еді. Ислам дінінің негізін жоюдың басты көздерінің бірі жазуды алмастыру арқылы араб тілі мен әліпбиін жетік меңгерген молдалардың сабақ беруін тоқтату яғни сол арқылы дін насихатын әлсірету және Құранды оқу мүмкіндігінен ажырату болатын. Мұсылман емес елдердің көпшілігі латынға оңай ауысып жатты. Ал Әзірбайжан елінің латын әріпіне көшудегі бірінші болуы ол елдегі ұлттық жазудың кең тарамауымен және басқа түркі елдерімен салыстырғанда қала мәдениетінің жоғарылығымен байланыстырылды. Тәуелсіздік алған жылдары Әзірбайжан мемлекеті қайтадан латын әліпбиіне көшуді қолға алды. Бұқаралық ақпарат құралдарының бір бөлігі латын әліпбиімен жаза бастады.


Түркиядағы реформа

Осман империясы құлағаннан кейін Түркия елінің мемлекет ретінде жаңа дәуірі басталды. Ел басына келген Мұстафа Кемал (Ататүрік) 1928 жылы парламент арқылы елді жаңа жазба жүйесіне ауыстыру туралы шешімді талқыға салғызып, арнайы заң қабылданды. Бұл жердегі мақсат: Осман империясынан кейін жаңашылдық енгізу болса, сонымен қатар КСРО-ның құрамындағы түгелдей латын әрпіне көше бастаған түркітілдес халықтармен байланысты жоғалтпау да көзделген еді. 1929 жылы Түркия тегістей латын әрпіне көшірілді. Күнделікті тұрмыстарында араб-парсы тілдерінде қолданылатын сөздерді түгелдей дерлік түрік тіліне ауыстыру науқаны басталды. Сол кезеңде түрік тілінде көптеген жаңа сөздер пайда болып, сол сөздердің кейбіреулері бүгін біздің елімізде де қолданылады. Мысалы: тайаре- ұшақ сөзіне ауыстырылды. Сол кезеңдегі реформаның арқасында түркі тілдес елдердің Түркия түрікшесімен түсінісу мүмкіндігі артты.


Кеңестік Ресейдің латын әліпбиіне көзқарасы

Кеңес үкіметінің бастапқы жылдарында тек қана түркі халықтарын ғана емес, сонымен бірге орыс тілін де латын әліпбиіне көшіру мәселесі де көтерілген болатын. 1919 жылы ағарту ісі жөніндегі халық комиссары А.В. Луначарский: ... барлық осы елді мекендеп отырған халықты жаппай латын әліпбиіне көшіру қажет дегенді айтқан болатын. Осы пікірге орыс сөзін қолдаушылар қоғамы бірден қарсылық көрсетті. Олар бірден комиссия құрып, сол арқылы латын әлібиіне көшіру шетелдіктерге орыс тілін үйретуді қиындатып жібереді деген мәлімдеме жасады. Солай орыс әліпбиін латынға ауыстыру бастамасы көтерілмей жатып, бірден өшірілді.