Цифрлық әліппе

«Қазақ тілін латын әрпіне көшіру – бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам»

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев

Қазақ графикасы — қоғамдағы түрлі тарихи-әлеуметтік өзгерістерге сәйкес бірнеше жазу нұсқаларына (араб, латын, кирилл жазулары) бағындырылған, фонематикалық принципке сүйенетін қазақтың дыбыстық жазуы.
Қазақ тілінің әліпби жүйесі тарихи кезеңдерден өтіп, ұлттық әліпби деңгейіне жету жолы:
1. V-VII ғасырларда көне түркі халқы, ата-бабаларымыз ғылымда Орхон-Енесей жазуы деген атпен белгілі көне түркі руна жазуын пайдаланған.
2. X ғасырдан бастап араб жазуына көшіп, XX ғасырдың басына дейін қолданылды.
3. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынов араб жазуына негізделген қазақ жазуына реформа жасап Жаңа емле деп аталатын жаңа әліпбиді пайдалануға мүмкіндік берді.
4. 1929-1939 жылға дейін Латын жазуына негізділген Бірыңғай түркі әліпбиі қолданыста болды.
5. 1940 жылдан бастап латын жазуының орнына кирилл әліпбиін қолданып келеміз.


Көне түркі жазуы - (басқаша Орхон-Енесей жазуы) — V ғ. б.з.б. — X ғ. б.з.жазуы. Дыбыстық жазу түрі, яғни сөздегі дыбыстарды таңбалап жазады. Негізінен VІ-Х ғасырларда үлкен аймаққа таралған Көне Түркі жазуларын ғалымдар үш топқа бөліп қарайды:
1. Енисей ескерткіштері.
2. Талас ескерткіштері.
3. Орхон ескерткіштері.


Араб жазуы - (:أَبْجَدِيَّة عَرَبِيَّة əбджәдийə 'арабия) — ежелгі(б.з.б. 2000-шы ж.) аккад, шумер тайпаларының жазба әріптері негізінде пайда болған көне жазулардың бірі. Оңнан солға қарай жазылады. Бас әріптері болмайды. Әріптер бір-біріне қосылып жазылады.
Араб жазуында 28 әріп бар. Олардың үшеуі (а, и, у) созылыңқы, дауысты дыбыстарды, қалғандары дауыссыз дыбыстарды бейнелейді. Дауыссыз дыбыстардың асты-үстіне(көмекші белгілер) қойылады. Бұл белгілер Құранда, сөздікте, оқу құралдарында міндетті түрде қойылып, ал қалған кездерде қойылмауы мүмкін. үлгілерінде Араб жазуының сулс, куфа, сулх, парсы, диуани, насталих, т.б. түрлері пайдаланылады.


Араб жазуы қазіргі кезде барлық араб елдерінде, ислам дінін ұстанатын бірқатар мемлекеттерде (,,,,және, т. б.) қолданылады.
Жаңа емле жазуы: 1913 жылдан бастап мұсылман медреселерінде, 1929 жылға дейін кеңестік мектептерде қолданылды. 20-шы жылдардың аяғында емлені ауыстыру жайлы түркі, қазақ зиялылары арасында айтыс жүріп, А.Байтұрсынов реформалаған емле колданыстан шығарылды. Реформалауға не түрткі болды дегенге келсек, дәстүрлі араб жазуында:біріншіден, бір дыбысты жазу үшін бірнеше әріптер пайдаланылатын;екіншіден, сөзді жазғанда оның тек дауыссыз дыбыстары ғана таңбаланатын да, дауыстылары жазылмаған сөздің мағынасын түсіну қиындық тудыратын;үшіншіден, араб әліпбиінде дауысты дыбыстарды белгілейтін таңбалар саны үшеу ғана болғандықтан, бұл таңбалар тоғыз дауыстысы бар қазақ тілі үшін жеткіліксіз болды; төртіншіден, мұсылманша сауат ашу әдісінде әріптердің таза араб тіліндегі дыбысталуы мен айтылуын жаттатумен ұзақ уақыт кететін; бесіншіден, ол кездегі жазба тілдің құрылымында араб, парсы, ескі тілдің сөздері көп қолданылатындықтан, қалың бұқараға емес, азғана топтың мүддесіне қызмет ететін.


Аталған жазудың осындай кемшіліктері халықты сауаттандыру ісін тежейтінін түсінген А.Байтұрсынұлы 1910 жылдардан бастап араб жазуын қазақ тіліне ыңғайластырып, жақындатуды қолға алады да, оны 1912 жылдардан бастап қолданысқа енгізеді. А.Байтұрсынұлы бір халықтың әліпби (алфавит) жүйесін екінші бір халық қабылдағанда, оны өз тіліне икемдеп, үйлестіру қажеттігін, олай етпеген жағдайда әріп мәселесінің дұрыс шешім таппайтынын 1924 жылы өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде ашық түрде айтқан еді.
Бірыңғай түркі әліпбиі - Қазақ тілінің өзіне тән 9 дауысты мен 17 дауыссыз дыбысына 29 әріп арналады.
Қабылданған әліпбидің артықшылығы:
Бір дыбыс – бір әріп принципі қатаң сақталды;
Түркі халықтары ұстанған принцип қатал ұсталды;
Оқуға қолайлы, жазуға оңай, өте қарапайым;
Кірме әріптер жоқ;
Жол асты, жол үсті белгілері жоқ.


Қазақ кирилл әліпбиі - 1938-39 жж. латын графикасына негізделген әліпбиді орыс графикасына ауыстыру мәселесі қызу талқыға түсе бастайды. 1939 жылы 10 тамызда алғашқы әліпби жоба жарияланады. Жобада 40 әріп:а, ә, б, в, г, д, е, ж, з, и, й, і, к, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у, ŷ, ұ, ү, ф, х, қ, g, ц, ч, ш, щ, ъ, ы, ь, э, ю, я. Осы тәрізді жобалардан кейін 1940 жылыорыс графикасына негізделген қазақ жазуықабылданады. Оның емле ережесі де бекітіліп, өңделіп те келе жатыр. Бірақ қазіргі кезде ғалымдар орыс тілі сөздері түпнұсқа принципіне бағынуын және кірме әріптердің қазақ әліпбиінде орын берілуін сөз етіп келеді.


Латын әліпбиін таңдауымыздың себебі не?
Жалпы қай әліпбиді таңдасақ та ондағы таңбалар қазақ тілінің өзіндік дыбыстық жүйесіне сай келсе болғаны. Әліпбиде жат дыбыстар болмауы керек. Басқаша айтқанда, мынадай орыс сөзін қалай жазамыз деп орыс тілінің дыбысын, ағылшын сөзін жазамыз деп ағылшын тілінің дыбысын алуға болмайды. Олай ететін болсақ, әліпби ауыстырудың қажеттілігі жоқ. Қарап отырсақ, кирилл әліпбиінің иесі - орыстар, армян жазуының иесі - армяндар, иероглиф – қытайдікі, араб - жазуы арабтікі, ал латын әліпбиі барлық тілдерге ортақ. Өйткені латын тілі – тек жазуда ғана қолданылатын өлі тіл. Сондықтан оны ағылшын да, француз да, неміс те, италияндық та, өзбек пен түріктер де пайдаланады. Латын әліпбиі сондай-ақ ғылым мен техникада, әсіресе компьютер тілі ретінде кеңінен қолданылады. Сондықтан латын графикасына негізделген қазақ жазуын жасау – заман талабы, уақыт сұранысы.


Әліпби ауыстыру - өз тілімізді ұмытып басқа тілге (латын тіліне) көшу емес, ана тілімізді түлетіп, қоғам сұранысы сай ету, қолданыс аясын арттырып, осы заманғы ғылыми-техникалық прогреске икемді тіл ету. Жаңа әліпбиді игеру бүгін басталып, ертең аяқталатын мәселе емес. Ол арнайы бекітілгеннен кейін өзіндік емле ережелері жасалып, кезең-кезеңмен жүзеге асатын кешенді үдеріс. Жаңа әліпбиді игере алмаймыз деп қорқудың, дабыра қылудың еш қисыны жоқ. Қайта ана тілімізді әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосатын жақсы жаңалыққа үн қосып, қолдау білдірейік.